Джеки Чанның Қазақстанға келу себебі белгілі болды

Фото: Salem Entertainment

Алматыға келген әйгілі актер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чанның сапарының себебі анықталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Бұған дейін қазақстандықтар оның келуіне түрлі болжам жасаған: біреулері «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчқа қатысты деп ойласа, енді біреулері жеке сапар деп топшылаған.

Қазір белгілі болғандай, Джеки Чан Қазақстанда жаңа жобаны іске қоспақ. Ол болашақ фильмнің түсірілім өтетін орындарын да таңдап қойған.

«Біз ауқымды бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірістік. Алматыда болған күндері актер біздің командамен бірге болашақ картинаның түсірілім алаңдарын іріктеді. Сценарийдің елеулі бөлігі Қазақстанда түсіріледі. Қалғанын әзірге құпия сақтаймыз», – деп хабарлады актер жұмыс істеп жатқан Salem Entertainment компаниясы.

Ресми мәліметтер әзірге жария етілмегенімен, Джеки Чан Алматыда жабық кешке де қатысқан. Кәсіпкер Таир Марасулов онымен төрт сағат бірге болғанын айтты:

«Мен жай ғана жұлдызбен емес, аңыз адаммен, миллиардтардың кумирімен кездестім. 70 жасында да оның энергетикасы керемет», – деді ол.

Актердің Алматыға келуі қала тұрғындары үшін айтулы оқиға болды. Жақында оны Шымбұлақ тау шаңғысы курортында көргендер болды. Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары және Nomad Wrestling промоушенінің президенті Мақсат Кикимов актермен бірге түскен суретін әлеуметтік желіге жариялады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *