Ержан Ашықбаев АҚШ-тағы елші қызметінен босатылды

Фото: gov.kz

Ержан Ашықбаев Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Ержан Нығматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды», – деп хабарлады Ақорда.

Ашықбаев бұл қызметті 2021 жылдан бері атқарған. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, сондай-ақ Гарвард университетінің Джон Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Халықаралық қатынастар саласының маманы, мемлекеттік басқару магистрі.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі қызметіне дейін Ашықбаев 2013–2021 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары әрі Үкіметтің ресми өкілі қызметтерін атқарған, сондай-ақ 2012–2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің сыртқы саясат орталығының меңгерушісі болған.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Нұртілеуді Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметінен босатып, оның орнына Ермек Көшербаевты тағайындады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *