Батыс Қазақстан облысында «Baystone» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс қозғалды. Компанияның мемлекетке 1,8 млрд теңгеден астам қарызы бар, деп хабарлайды ZontNews.kz «Уральская неделя» жергілікті басылымына сілтеме жасап.
Тексеру деректеріне сәйкес, «Baystone» әлеуметтік маңызы бар көкөністерді тұрақтандыру қорына жеткізу үшін жүздеген миллион теңге, кейін көкөніс қоймасын салуға тағы миллиард теңге алған. Алайда не картоп, не жаңа нысан жеткізілмеген. «Ақжайық» ӘКК мәліметінше, қаржы іс жүзінде компания иелері арқылы шығарылып кеткен.
Орал қалалық соты «Baystone» компаниясынан 1,8 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдады. Серіктестіктің есепшоттары мен мүлкіне де тыйым салынды.
Сондай-ақ, «төленген картоп Ресейге шығарылып, жоғары бағамен сатылған болуы мүмкін» деген күдік бар.
«Baystone» серіктестігінің алғашқы иесі – кәсіпкер, бұрынғы депутат әрі «Батыс» ӘКК басшысы Серғазы Ісембаев. 2025 жылдың ақпанында ол компанияны Станислав Качалоға сатқан. Качало 2000-жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Қазір миллиардтаған берешегі бар компанияның иесі ретінде Качало тіркелген.