Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев қызметінен кетті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Малыбаев отставкаға өтініш беріп, министрдің бұйрығымен лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2024 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.
Бақытжан Малыбаев 1969 жылы 23 шілдеде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қызылтас ауылында туған. 1990 жылдан бастап ішкі істер органдарында жұмыс істей бастаған. 1990–2016 жылдары әртүрлі орта және аға басшылық қызметтер атқарған. 2016 жылдан – Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы. 2018–2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, 2019 жылдан – Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, 2022 жылдың қарашасынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Көліктегі полиция департаментін басқарды.
Еске салайық, тамыз айының соңында Малыбаевтың бұрынғы орынбасары ұсталып, изоляторға қамалды және қызметінен босатылды. Ол қандай күдікке ілінгені ресми жарияланған жоқ. ІІМ басшысы тек «сатқындармен әңгіме қысқа» деп мәлімдеген.
Министр аты-жөнін айтпаса да, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға Жайдарбек Құттыбаевтың қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
2024 жылдың күзінде ІІМ инспекторлық тексерісінен кейін Жамбыл облыстық полиция департаментінің сол кездегі бастығы Арманбек Баймұрзин мен оның орынбасарлары қызметтерінен кеткен еді. Сол кезде жаңа басшы болып Бақытжан Малыбаев тағайындалып, оның бірінші орынбасары болып Мағсат Қанапияев, ал орынбасарлар құрамына Бауыржан Жанаев, Жайдарбек Құттыбаев және Мұхтар Аманбеков кірген болатын.
Бұл «тазалау» әлеуметтік желіде Арманбек Баймұрзиннің бағыныштыларын балағаттап тұрған видеосы жарияланғаннан кейін басталған. Сол кезде тағы бір видео тарап, онда Жамбыл облысының полицейлері азаматтық киімдегі ер адамның бұйрығымен отырып-тұрып, жаттығу жасағаны көрсетілген. Бейнеролик сипаттамасында ол адамның департамент бастығының орынбасары екені жазылған.