АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.
Ол америкалық Wabtec компаниясымен жасалған келісімді жоғары бағалады.
«Мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен өте жақсы әңгімелестім. Қазақстан АҚШ-та шығарылатын локомотивтер мен теміржол жабдықтарын төрт миллиард доллар көлемінде сатып алу жөніндегі тарихтағы ең ірі келісімге қол қойды», – деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, бұл мәміле АҚШ-тың теміржол саласын қолдайды және ол «жалған экобелсенділер тарапынан ұзақ жылдар бойы қысым көрген».
«Президент Тоқаевты осы ауқымды сатып алумен құттықтаймын. Бұл ел де, бүкіл әлем де сенімді әрі көркем теміржолдар негізінде дамыған. Енді олар қайта оралады. Жылдам!» – деп қосты ол.

Нью-Йоркте АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник қатысқан рәсімде Wabtec компаниясымен құжаттарға қол қойылды. Келісім Қазақстанда 300 заманауи жүк локомотивін шығару және оларды сервистік қызметпен қамтамасыз етуді қарастырады.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен келіссөздер жүргізген болатын.