Астанада полиция майоры айыппұлдарды заңсыз басқа адамдарға аударғаны үшін сотталды

Фото: Видеодан кадр

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот 30 жастағы полиция майоры Айдана Қалыбайға үкім шығарды. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, Қалыбай Астана қаласы Полиция департаментінің әкімшілік практика бөлімінің аға инспекторы болып жұмыс істеп, жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды тіркеу мен алып тастаумен айналысқан. Сондай-ақ ол Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне өзгеріс енгізуге техникалық қолжетімділікке ие болған.

Бұл мүмкіндікті ол автокөлік жалға беретін кәсіпкерлердің өтінішімен пайдаланған. «Сергек» жүйесінен миллиондаған теңге айыппұл алған бұл компаниялар төлемнен жалтару үшін айыппұлдарды бейхабар азаматтардың атына аударған.

Нәтижесінде жол ережесін бұзбаған адамдар ірі сомада айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Мәселен, бір әйелге Астанадағы камералар бойынша шамамен миллион теңге айыппұл салынған. Алайда ол кезде ол Павлодарда тұрған. Тағы бір азамат көлікті жалға алғанымен, хаттамалардың бір бөлігі оның тергеу изоляторында отырған уақытында рәсімделген. Үшінші адам тек бір көлікті жалдағанына қарамастан, оның атына 25 көліктің айыппұлы тіркелген.

Шағым көбейген соң құқық қорғау органдары тексеру бастады. Антикор қызметкерлері деректер базасындағы заңсыздықтарға Айдана Қалыбайдың қатысы барын анықтады.

Сондай-ақ тергеу барысында оған ақпарат жеткізіп отырған адамның кім екені белгілі болды. Тергеу материалында автопарктер туралы мәліметті жеткізіп отырған менеджер Данияр Есім екені айтылған. Олардың арасында жақын қарым-қатынас болғаны да анықталды. «WhatsApp» хаттамалары Қалыбайдың кінәсін дәлелдейтін айғақтардың бірі болды.

Данияр Есім инспектормен қарым-қатынасын тоқтатпақ болған, бірақ оны басқа қылмыстарға күдікпен полиция ұстады.

Сот Айдана Қалыбайды кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Алайда ол жалғызбасты ана болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *