Үш жасар Керей Ермековтің қаздардан қашып бара жатқан видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, тіпті Snoop Dogg бөлісті. Енді балаға тағы 100 жаңа қаз сыйға берілді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ақтөбенің Есет Батыр ауданында тұратын Керейге бұл сыйлықты «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Әлібек Базарғалиев табыстады. Бұл туралы партия филиалы Instagram парақшасында хабарлады.
«Актөбе облысындағы „Ауыл“ партиясы филиалының төрағасы Керейге 100 қаз сыйлады. Балақайдың әкесі Махамбет Ермеков партияға мүшелікке өтті», – деп мәлімдеді партия өкілдері.
Керейдің қаздардан қашып бара жатқан видеосы тамыздың соңында желіде таралды. Роликті баланың әкесі Махамбет Ермеков жариялаған. Ол қаздар шын мәнінде балаға қауіп төндірмегенін, тек Керей қолындағы шелекте жем бар деп ойлап, соған қызыққанын айтты.
Бейнежазба Instagram-да бір аптаның ішінде 100 миллион қаралым жинады, ондаған миллион лайк алып, TikTok-та 25 миллион қаралымға жетті. Видеоны аты әлемге әйгілі рэпер Snoop Dogg та бөлісті. Қазір оның парақшасындағы жазба 218 мың лайк жинап отыр.