Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, елдегі барлық футбол клубын жекешелендіруді дереу бастау қажет екенін айтты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ол кәсіби спортқа бөлінетін қаржының тиімсіз жұмсалуы қоғамда көптен бері сынға ұшырап жүргенін жеткізді.
«Қазақстандық клубтар доп үшін емес, бюджет үшін таласады. Бұл – ешқайда апармайтын жол. Егер нақты коммерцияландыруға кіріспесек, отандық футбол дамымайды», – деді ол.
Оның мәліметінше, биыл футболға мемлекеттік бюджеттен шамамен 32 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде Премьер-лига клубтарына – 24 миллиард, Бірінші лига командаларына – 7,7 миллиард теңге. Мысалы, «Ордабасы» – 3,2 млрд, «Ақтөбе» – 2,1 млрд, «Қызылжар» – 2 млрд, ал «Астана» – «Самұрық-Қазынадан» 5,3 млрд теңге алған.
«Бюджет тапшылығы жағдайында мұндай шығындарды ақтауға болмайды», – деп атап өтті депутат.
Депутаттың сөзінше, жас жаттықтырушының орташа айлығы небәрі 117 мың теңге, ал жоғары санатты маманның жалақысы – 145 115 теңге. Осы себепті көп маман шетелге кетіп немесе білім беру саласына ауысуға мәжбүр.
Депутат мынадай ұсыныстар айтты:
- барлық футбол клубын жекешелендіру;
- қаржыландырудың толық аудитін жүргізу;
- жаттықтырушылардың жалақысын көтеру үшін Үкіметтің №1193 қаулысына өзгеріс енгізу.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдетуді тапсырған. Ол легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынғанын еске салып, бірақ бұл шараның жеткіліксіз екенін айтқан. Мемлекет басшысы коммерцияландырусыз қазақстандық футболдың дамуы мүмкін еместігін атап өтті.