Атырауда NCOC менеджерін өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Мұнай компаниясы NCOC менеджері Бибігүл Шпанованы қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Арман Жетпісов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жазасын ерекше тәртіптегі колонияда өтейді.

Соттың мәліметінше, 38 жастағы Атырау тұрғыны Арман Жетпісов бұрын сотталған, тұрақты жұмысы болмаған. Ол өзін жөндеу шебері ретінде таныстырып, бұған дейін Шпанова тұрған «Француз орамы» тұрғын үй кешенінде жұмыс істеген. Әйел алаяқтықты сезіп, ақшасын қайтаруды талап еткен соң, Жетпісов оның үйіне барған.

Бибігүл Шпанова есікті ашқанда, айыпталушы оны ұрып-соғып, 17 рет пышақтаған. Үш жарақат өлімге соқтырған. Ол марқұмның телефонын, кілттері мен көлігін алып кеткен. Қашып құтылмақ болғанымен, Маңғыстау облысында жол апатына түсіп, ұсталған. Қасында әйелдің заттары болған.

Сотта тергеу материалдары, сараптама қорытындылары және бейнебақылау жазбалары қаралды. Кадрлардан қылмыс жасалған сәтте пәтерге Жетпісовтен басқа ешкім кірмегені анық көрінеді.

Қылмыстың сипатына байланысты отырыстар жабық өтті. Үкімді ауыр істерді қараудағы қатаң ұстанымымен белгілі судья Зарема Хамидуллина жариялады.

Сот залында марқұмның туыстары көз жасын тыя алмады. Үкім жарияланған кезде олар шешімді көз жасымен қабылдап, қол соқты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *