Алматының Бостандық аудандық №2 соты 112 азаматты алдаған алаяққа үкім шығарды. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, сотталушы рақымшылыққа ілігіп, жазасы қысқартылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сот Конституцияның 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық заңы негізінде жаза мерзімін бес жыл жеті ай алты күнге қысқартты.
«Айыпталушы 112 жәбірленушінің жетеуіне келтірілген шығынды ішінара өтеді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот азаматтық талап-арыздарды толық қанағаттандырып, айыпталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 168 миллион теңгеден астам қаржы өндірді», – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Тергеу дерегінше, айыпталушы оқу орталығын құрып, басқарған. Интернетте агрессивті жарнама жүргізіп, балаларды шетелдік университеттерге толық түсіреміз деп уәде берген. «Foundation» бағдарламасы бойынша өз елінде оқытамыз деген желеумен 112 азаматтан 168 миллион теңгеден астам қаржы жинаған.