Астанада 126 мыңнан астам оқушы орыс тілінде білім алуды таңдаған

Фото: pixabay

Астанада 2025–2026 оқу жылында 310 848 бала білім алып жатыр. Олардың 176 457-і қазақ тілінде, ал 126 195-і орыс тілінде оқиды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Қала білім басқармасының дерегіне сәйкес, елордада 207 жалпы білім беретін мектеп бар. 122-сі мемлекеттік, 78-і жекеменшік, ал жетеуі республикалық маңызы бар мектептер.

Таза қазақ тілінде оқытатын 35 мектеп жұмыс істейді. Орыс тілінде толық оқытатын бір мектеп бар. Қалған 85 мектеп аралас тілде білім береді.

Бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ата-аналардың қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қызығушылығы артқанын, алайда орыс тіліндегі сыныптарды жабу көзделмейтінін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, «қазақ тілінде оқытатын сыныптарға балаларын бергісі келетін ата-аналар саны жыл сайын артып келеді».

Сәуір айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл тақырыпқа тоқталып, 80% мектеп бітіруші ұлттық тестілеуді қазақ тілінде тапсыратынын, ал биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылардың 70%-дан астамы оқуын мемлекеттік тілде бастайтынын мәлімдеген. Мемлекет басшысы «ел азаматтарына қай тілде сөйлеуді ешкім мәжбүрлей алмайды, ал осы мәселе бойынша арандатуға жол берілмейді» деп ескерткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *