АҚШ президенті Дональд Трамп The New York Times газетіне «жала жабу мен намысқа тию» бойынша 15 млрд доллар өтемақы талап етіп сотқа арызданды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ол басылымды «елдегі ең нашар әрі азғындаған газеттердің бірі» деп атап, Демократиялық партияны қолдайды деп айыптады.
«The Times онжылдықтар бойы сіздердің сүйікті президенттеріңіз (мен туралы!), отбасым, бизнесім, “Америка бәрінен бұрын” қозғалысы, MAGA және еліміз туралы өтірік айтып келді. Мен бұл бұрын сыйлы болған “газетті” жауапқа тартқаныма қуаныштымын», – деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.
Президент сонымен қатар NYT-ке «тым ұзақ уақыт бойы мені еркін түрде өтірік айтып, қаралауға мүмкіндік берілді, бұл енді тоқтайды» деп ескертті.
Бұл Трамптың ірі ақпарат құралдарына берген алғашқы сот арызы емес. 2024 жылдың наурызында ол ABC News арнасына және оның жүргізушісі Джордж Стефанопулосқа сотқа жүгінді. Журналист Трампты жазушы Элизабет Джин Кэрроллды зорлады деп айтқан еді. Президенттің қорғаушылары мұны жоққа шығарды. Соңында ABC News Трамптың өкілдеріне 15 млн доллар өтемақы төлеуге келісті.
2025 жылдың шілдесінде CBS арнасының иесі Paramount Global да президенттің шағымын реттеу үшін 16 млн доллар төлеуге келісті. Бұл іс вице-президент Камала Харристің сұхбатының өңделген нұсқасына қатысты «сайлауға араласу» деген айып бойынша болды.
Бұған қоса, республикашыл саясаткер The Wall Street Journal мен оның иелерін де сотқа берді. Газетте Трамп 2003 жылы қаржыгер Джеффри Эпштейнге «әдепсіз» құттықтау хатын қол қойғандардың қатарында болды деген мәлімет жарияланды. Президенттің айтуынша, бұл материал оның беделіне нұқсан келтірді.