Талғат Ермегияевтің шартты түрде босатылу өтініші қайтадан қабылданбады

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі

Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу туралы өтінішін қарастырып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

«Сотталғанның қорғаушысы бірінші сатыдағы сот қаулысын жойып, шартты түрде босату туралы жаңа шешім шығаруды сұрады. Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың қаулысын жоюға негіз таппады. Сотталғанға қатысты мінездеме мен келтірілген залалды өтеу деректері тиісті түрде бағаланды», – деп хабарлады сот.

Осылайша, апелляциялық алқа қорғаушының шағымын қанағаттандырмай, төменгі соттың шешімін растады.

Бұл мәселе биылғы шілдеде де қаралған. Сол кезде Алатау қаласының соты Ермегияевтің шартты түрде босатылу өтінішін қанағаттандырмаған еді. Бұған дейін, 2022 жылдың сәуірінде ол жазасын қоныс колониясына ауыстыруды сұраған, бірақ сот оған да рұқсат бермеген. Қазір ол Қонаев маңындағы қатаң режимдегі мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Талғат Ермегияев 2016 жылғы маусымда елорда қалалық сотының үкімімен аса ірі көлемде пара алу және өзге де баптар бойынша кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі колонияда 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Жазасын Алматы облысындағы ЛА-155/12 мекемесінде өтеп жүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *