Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашүкеев жаңа оқу жылы басталғалы кәмелетке толмағандар қатысқан ауыр қылмыстардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Екі апта ішінде үш қайғылы жағдай тіркелді, деп жазады ZontNews.kz.
Таразда 9-сынып оқушысы мектеп әжетханасында болған төбелестен кейін көз жұмды. 12 қыркүйекте Шу ауданының Көкқайнар ауылында 11-сынып оқушысы футбол матчыннан соң 10-сынып оқушысын соққыға жыққан. Жәбірленуші жедел жәрдем келгенше қайтыс болған.
Қарашүкеев бұл мәселе бойынша бірнеше рет тапсырма бергенін, бірақ жауапты тұлғалардың нақты шара қолданбағанын айтты. Ол әр ауылдық округке жеке учаскелік полиция инспекторын бекітіп, бос орындарды қысқа мерзімде толтыруды талап етті.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлімге сөгіс берілді. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жанібековке, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековке, сондай-ақ Тараз әкімінің орынбасары Ұлан Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Әкім білім басқармасына Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының қызметке сәйкестігін тексеруді тапсырды.
Сонымен бірге Қарашүкеев жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін мониторингтік топ құруға бұйрық берді. Бұл топ аймақтағы барлық оқу орындарында сауалнама жүргізіп, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауатын арттыру және құқық бұзушылықтың салдарын түсіндіру бойынша шаралар әзірлемек. Нәтижеге жеке жауапкершілік қала және аудан әкімдеріне жүктелді.