Түркия Қазақстанға заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген бұрынғы құқық қорғау қызметкерін экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп жазады ZontNews.kz.
Бас прокуратура Ішкі істер министрлігінің Интерпол бөлімшесі мен Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақстан азаматын Түркиядан елге жеткізді. Ол трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2015–2016 жылдары күдікті Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік органда басшылық қызмет атқарып, заңсыз ойын бизнесін қорғап отырғаны үшін жүйелі түрде ақша алған.
«Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған және жеті жыл бойы халықаралық іздеуде болды. 2024 жылдың қаңтарында ол Түркияның Измир қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін отанына экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Сондай-ақ қылмыстық топтың өзге қатысушылары әртүрлі мерзімге сотталғаны айтылды.
Аталған қылмыстар үшін заңда 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген. Бас прокуратура шетелде жасырынған тұлғаларды, оның ішінде сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыстар жасағандарды анықтау, іздестіру және жауапқа тарту жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.