11 қыркүйекте Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Сенек ауылынан шамамен 90 шақырым жерде жол апаты болды, деп жазады ZontNews.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Toyota Hiace шағын автобусының жүргізушісі көлікті басқаруды жоғалтып, жолдан шығып аударылған.
Сегіз адам оқиға орнында қаза тапты, тағы екеуі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақатпен Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алғандардың екеуі – 1964 жылы туған ер адам мен 1967 жылы туған әйел – жансақтау бөлімінде, жағдайлары ауыр. 1960 жылы туған әйел травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр, жағдайының ауырлығы тұрақты.
Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.