Тимур мен Динара Құлыбаевтар Астана халықаралық қаржы орталығында жаңа холдингтік компания тіркеді, деп хабарлайды ZontNews.kz Finmentor.kz telegram-арнасына сілтеме жасап.
Finmentor дерегінше, ерлі-зайыптылар Almex Holding Limited компаниясын 10 мың доллар жарғылық капиталмен ашқан. Компания директоры болып «Алмэкс» холдингтік тобының басқарма төрағасы Жомарт Нұрабай тіркелген. Осы топ арқылы Құлыбаевтар Halyk Bank-ті бақылайды.
Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің бірі жаңа холдингті не үшін дәл осы қаржы орталығында тіркегені әзірге белгісіз. АХҚО-ның өз сот жүйесі мен дербес құқықтық тәртібі бар екенін ескерген жөн.
Жаңа компанияның тіркелуі Тимур Құлыбаевтың мұнай-газ саласындағы басты активі саналатын «Каспий мұнай» акционерлік қоғамын сату мәмілесімен тұспа-тұс келді.