Алматы мен Байқоңырда өтіп жатқан Space Days Kazakhstan 2025 халықаралық форумы аясында жаңа ғарыш айлағының жобасы таныстырылды, деп жазады ZontNews.kz.
New Spaceport жобасы шағын әрі көп рет қолданылатын тасымалдау жүйесін құруды көздейді. Ол аппараттарды орбитаға шығарып, жүкті Жерге қайтаруға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы», Aspire Launch Ltd және «Kazakh Invest» компаниялары ұсынды.
«Қазақстандағы инвестициялық жобалар салық және кедендік жеңілдіктер алады. Мәселен, бес жылға дейін импорттық шикізатқа қосылған құн салығынан босатылады. Ал басым жобалар үшін жеңілдіктер кеңірек: жабдық пен шикізатқа баж салығы алынбайды, инвестицияның 30 пайызына дейін жер, ғимарат немесе техника мемлекеттік грант ретінде берілуі мүмкін. Сондай-ақ корпоративтік, табыс, жер және мүлік салығына жеңілдіктер қарастырылған. Инвесторлар үшін алғашқы жылы шетелдік жұмыс күшін тартуда квота мен бөлек рұқсат талап етілмейді», – деді «Kazakh Invest» өкілі Жамалдин Надыров.
Сарапшылардың пікірінше, әлемде зымыран тасымалдаушыларға сұраныс артып отырған шақта бұл бастама Байқоңырды Қазақстан құзырында әлемдік ғарыш нарығына енгізуге жол ашады.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Ресей жалдауынан босаған 1747 шаршы шақырым жерде арнайы экономикалық аймақ құру жоспарын жариялаған. Мұнда қазақстандық және шетелдік ғарыштық стартаптар іске қосылады.