Ерейментау қаласында өткен қазақша күрестен республикалық турнирде 15 жастағы ақтөбелік спортшы ауыр жарақат алды, деп жазады ZontNews.kz Nayza_kokshe-ге сілтеме жасап.
Жасөспірім белдесу кезінде кілемге құлап, дәрігерлер клиникалық өлім жағдайын тіркеді. Жарыста кезекшілік еткен медицина қызметкері дереу реаниматолог шақырды. Аудандық аурухана дәрігерлері жүрекке массаж жасап, дефибрилляция жүргізді және адреналин енгізді.
«Жасөспірім өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, шұғыл түрде Астанадағы №2 қалалық ауруханаға жеткізілді. Алдын ала диагноз — мойын омыртқаларының сынуы. Бүкіл осы уақыт ішінде Ерейментау дәрігерлері Көкшетау мен Астанадағы әріптестерімен байланыста болды», – деп хабарлады Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы.
Жарысқа Қазақстан, Ресей және Моңғолиядан 200-ден астам спортшы қатысқан. Оқиғадан кейін турнир уақытша тоқтатылды.