Түркияның әділет министрі Ылмаз Тунч Ыстанбұлда өткен жаппай наразылық акцияларына байланысты тергеу басталғанын хабарлады, деп жазады ZontNews.kz Hurriyet-ке сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше, Ыстанбұл бас прокуратурасы аймақтық кеңсе алдында болған оқиғаларға және әлеуметтік желіде арандатушы жазбалар таратқандарға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.
Наразылық оппозициялық Халық-республикалық партиясының Ыстанбұл филиалы жетекшісі Өзгүр Челик сот шешімінен кейін қызметінен шеттетілген соң басталды. Оның орнына уақытша кеңес тағайындалды. Челиктің жақтастары түнімен кеңсе алдына жиналуға шақырып, ондаған адам шықты.
Наразылар қала әкімдігіне қарай бет алғанымен, полиция жолын бөгеді. Қала билігі үш күн бойы жаппай шаралар өткізуге тыйым салды.