Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік кодекске түзетулер енгізуді талқылауға шығарды, деп жазады ZontNews.kz.
Жобада тұрақты тіркеуі жоқ зейнеткерлерге зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін тоқтату қарастырылған. Өзгеріс түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар мен толық мемлекеттік қамқорлықтағы азаматтарға да қатысты болмақ.
Министрліктің дерегінше, қазір 100 мыңнан астам адам тұрақты тіркеусіз төлем алып жүр. Бұған қоса, мемлекет есебінен толық қамтамасыз етілгендерге де қаражат аударылып келеді. Бұл қосарланған шығынға әкеледі.
Түзетулер әлеуметтік қолдауды кеңейтуге де бағытталған. Енді бала күтімі кезеңі тек ананың емес, жұмыс істемейтін әкенің де еңбек өтіліне енгізілмек. Әр балаға үш жылға дейін есептеледі, бірақ жиынтығы 12 жылдан аспайды.
Қазақстанда бүгінде 2,5 млн зейнеткер бар. Биыл зейнетақы мен жәрдемақыға бөлінген қаржы көлемі 4 трлн теңгеден асты. Министрлік ескерту жасады: егер ұсынылған түзетулер қабылданбаса, 2028 жылға қарай жүйе тапшылыққа тап болуы мүмкін.