Қазақстан студенттік визаларды беру тәртібін өзгертіп, талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл еңбек мигранттарының оқу мақсатын сылтауратып елге заңсыз кіруіне жол бермеуге бағытталған, деп жазады ZontNews.kz.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.
Министрдің айтуынша, кейбір елдерде виза рәсімі жеңілдетілгендіктен, шетелдіктер студенттік визаны жаппай жұмыс істеу немесе транзиттік мақсатта пайдаланған.
«Егер рәсім бізде де тым жеңіл болса, мұндай жағдай қайталануы мүмкін», – деді ол.
Жаңа тәртіпке сәйкес:
- оқу кезеңінің бүкіл мерзіміне арналған «супервиза» енгізіледі, ол жеке басы мен құжаттары толық тексерілген соң беріледі;
- виза рәсімдеу процесі толық онлайн форматқа көшіріледі;
- БҒМ, ІІМ, СІМ және ҰҚК дерекқорлары біріктіріліп, шетелдік студенттерді бақылау күшейтіледі.
Сонымен қатар, Қазақстанда білім алып жүрген қабілетті шетелдік жастарға стартап немесе бизнес ашу үшін тұрақты тұру құқығын беру мүмкіндігі қарастырылып отыр.