Таксопарктер: жаңа Салық кодексі көлік жалдау бағасын қымбаттатады

Фото из открытых источников

Қазақстандағы таксопарктер жаңа Салық кодексіне байланысты көлік жалдау құны өсетінін хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.

Бұған дейін мұндай компаниялар жылдық табыстың 4 пайызын бөлшек салық түрінде төлеп келген. Жаңартылған кодексте бұл қызмет жеңілдетілген режимнен алынып тасталмақ. Егер өзгеріс қабылданса, 2026 жылдан бастап таксопарктер 20 пайыз корпоративтік табыс салығын және 16 пайыз қосылған құн салығын төлеуі тиіс болады.

«Бұл бір компанияға салынатын салықтың 27 миллионнан 186 миллион теңгеге дейін өсуі деген сөз. Соған сәйкес жалдау ақысы да көтеріледі: жеңіл көліктер күніне 11 мыңнан 15 мың теңгеге дейін, ал электромобильдер 18 мыңнан 22 мың теңгеге дейін қымбаттайды», – деді Қазақстан таксопарктері мен курьерлік қызметтер қауымдастығының төрағасы Мейрамбек Әбілқасов.

Nomad Taxi басшысы Ілияс Успанов та компаниялардың ай сайын шамамен 20 миллион теңге лизинг төлемін өтеп отырғанын атап өтті.

Қазір жүргізушілер орта есеппен айына 300 мың теңге табады. Әбілқасовтың айтуынша, жалдау құны өскен жағдайда олардың таза кірісі күніне небәрі 4–5 мың теңгеге дейін төмендеуі ықтимал.

Таксопарктердің пікірінше, жолаушылар үшін тариф өзгермейді, өйткені оны агрегаторлар белгілейді. Бірақ сапаға ықпал етуі мүмкін: жүргізушілер «комфорт» пен «электро» санатынан эконом-классқа көше бастайды.

Қауымдастық қазіргі жеңілдетілген салық тәртібін сақтап қалуды ұсынады. Ал салық сарапшысы Дмитрий Казанцев такси үшін көлік жалдауды бөлек қызмет ретінде қарастырып, оған бөлшек салықты қалдыруды жөн көреді.

Ұлттық экономика министрлігі жаңа тәртіп таксопарктердің тек 6 пайызына ғана әсер ететінін, ал жүргізушілерге агрегаторлармен тікелей жұмыс істеу ұсынылатынын мәлімдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *