Алматыда 10 жылға бас бостандығынан айырылған Ильяс Кар сауда орталығында байқалды деген ақпаратқа Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді, деп жазады ZontNews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, Кар жазасын колония-қоныста өтеп жатыр.
«ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 113-бабына сәйкес, колония-қоныстағы сотталғандарға белгілі бір жағдайда мекемеден шығуға рұқсат беріледі. Бұл еңбекпен қамтылу, демалыс немесе денсаулық жағдайына байланысты берілуі мүмкін. Сотталғанның жеке өтініші негізінде оған демалыс берілді. Демалыс кезінде тәртіп бұзған жоқ», – деп хабарлады ҚАЖК.
Комитеттің мәліметінше, демалыс кезінде ол ішкі істер органдарының бақылауында болған. Қазір қайтадан мекемеде.
Бұған дейін жол апатынан қаза тапқандардың туысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, «10 жылға сотталған Кар Алматыдағы Esentai Mall-да емін-еркін жүр» деп жазған. Сондай-ақ ол жазасын Таразда өтеп жатыр деп көрсеткен.
Ильяс Кар 2018 жылдың 29 желтоқсанында Алматыдағы Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында Mercedes Gelandewagen көлігімен апат жасады. Ол Mitsubishi Galant-қа соқтығысып, жүргізуші Бақытнұр Қанапия мен жолаушылар Шолпан Габдульмулинова және Динара Хамитова қаза тапты. Тағы бір жолаушы Айзада Сатыбалдиева ауыр жарақат алды.
Тергеу қорытындысына сәйкес, апат кезінде Кар мас болған. Сот оны ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі мен 347-бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруға және көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырды. Сондай-ақ 14,3 миллион теңгеге мүлкі тәркіленді.