Павлодарда бесінші қабаттан екі баласын лақтырған әйел ауруханадан шығарылды, деп жазады ZontNews.kz.
33 жастағы әйел 1,5 және 7 жастағы ұлын алдымен терезеден лақтырып, кейін өзі секірген. Оқиға көпқабатты үй ауласында ойнап жүрген мектеп оқушыларының көз алдында болған. Барлығы бірінші қабат төбесіне түсті. Куәлар оқиғаны ересектерге хабарлаған.
Балалар мен әйел ауыр жарақатпен реанимацияға жатқызылды. Кіші баласы екі күннен кейін қайтыс болды. Полиция кісі өлтіруге және өзін-өзі өлтіруге оқталу деректері бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел арнайы медициналық есепте тұрған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әйел бұған дейін де өміріне қауіп төндірген әрекеттер жасаған. Алғашқы әрекет тоқтатылған.
Ауруханадан шыққан соң әйел психикалық денсаулық орталығына жеткізілді.
«Қазіргі уақытта әйел Павлодар психикалық денсаулық орталығының стационарына орналастырылды», – деді Павлодар облысының балалар құқықтары жөніндегі өкілі Сауле Шакенева.
Қалған бала әкесімен бірге Құдайкөл ауылында туыстарында тұрып жатыр. Баланың қалпына келуі бір жылға созылады, алғашқы кезде жүрісі тұрақсыз болады, оған қайтадан жүріп үйрену қажет.
Әкімдік пен құзырлы қызметтер отбасыға психологиялық және медициналық қолдау көрсетіп отыр.
«Отбасы жыл соңына дейін кәмелетке толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау комиссиясының тұрақты бақылауында болады», – деп хабарлады Екібастұз әкімдігі.