Қостанайда Telegram арқылы есірткі таратқан қылмыстық топ сотталды, деп жазады ZontNews.kz.
Қостанай облыстық қаржылық мониторинг департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде, бір топ адам мессенджер арқылы «Thс Seller» деген атаумен дүкен ашып, екі мыңнан астам клиентке есірткі сатқанын анықтады. Жалпы айналым 100 млн теңгеден асқан.
Қаражатты қолма-қолға айналдыру үшін бөгде адамдардың атына рәсімделген банк карталары пайдаланылған. Тінту барысында 30 келіден астам марихуана мен гашиш тәркіленді.
Сот үкімі бойынша кінәлілер сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған екі көлік мемлекетке қайтарылды.
Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.