Атырауда 39 жастағы Ләззат Тасқынбаева күйеуінің қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиға 19 тамыз күні болып, оған олардың екі қызы куә болды, деп жазады ZontNews.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам тағы да әйеліне қол көтерген. Желкеге тиген соққыдан кейін Ләззат оқиға орнында жан тапсырған. Қыздары анасының жанында отырып, «Анашым, ояншы!» деп жылаған.
Ләззат Тасқынбаева 14 жыл некеде болып, екі қыз өсірді.
«Әйелдер өз үйлерінде қауіпсіз сезінуі керек емес пе? Біз өркениетті елде өмір сүріп отырмыз. Ләззаттың артында алтыншы сыныпта оқитын үлкен қызы және мектепке енді барған кішісі қалды. Соңғы екі жылын ол тек балаларымен өткізді. Ал күйеуі ішімдік ішіп алып жиі ұратын. Ләззат үндемей бәріне төзді, күйеуінің өзгереді деп сенді», – деді Оның сіңілісі Майра Сәдуақас.
Марқұмның туыстары күйеуінің жедел жәрдемге бірден хабар бермегенін, алдымен әпкелерін шақырғанын айтады. Олар мәйітті моргтан алудан да бас тартқан.
«Қыздар аналарының жанында жылап: «Анашым, ояншы! Сен тек ұйықтап жатырсың ғой!» деп жалынды. Бірақ Ләззат жауап бере алмады», – дейді сіңлісі.
Қазір қыздар интернатта, оларға психологтың көмегі қажет. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады.