Алматы облысында «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі болып танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты сот отырысы басталды, деп жазады ZontNews.kz.
Онымен бірге айыпталушылар орындығында Мадияр Қалимжанов, Данияр Аскаров, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Руслан Әлиев және Сайлау Ақжанов отыр. Істі судья Айнагүл Түкібаева жүргізіп жатыр.
Қасымбаевқа адам ұрлау, соққыға жығу және қорқытып ақша алу айыптары тағылған. Оның есімі 2024 жылдың күзінде Талғарда болған қанды оқиғадан кейін көпшілікке мәлім болды. 4 қазанда «Камажай» дүкенінің жанында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда үлкен дүрбелең туғызды.
Сол кезде қала тұрғындары «Хутор» Талғарды бақылауда ұстап отыр деген пікір білдірген. Алайда Ішкі істер министрлігі Қазақстанда мұндай ұйымдасқан топтың жоқ екенін мәлімдеген.
Қайғылы оқиғадан соң Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімдігінің аппаратында істеген інісі қызметінен босатылды. Сондай-ақ сот құжаттарында оның тағы бір інісі Ержанның кеден қызметкерін өлтіру ісінде аты аталғаны көрсетілген.
Қасымбаев тағылған айыптарды мойындамағанымен, 4 қарашада қамауға алынды. Тергеу жаз айларында аяқталып, іс сотқа жолданды.
Бұл іске қоғам назарын аудартқан тағы бір жайт – Сенат депутаты Мұхтар Жөргенбаевтың Қасымбаевтың алыс туысы екендігі. Жөргенбаев бұл байланысты растағанымен, онымен тек отбасылық жиындарда ғана кездескенін айтты.