Алматы облысының әкімдігі Есік көліне кіреберістегі заңсыз төлемақыға байланысты шағымдарға жауап берді, деп жазады ZontNews.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, 17 тамыздан бастап орнатылған шлагбаумдар алынып тасталды.
«Есік көліне кіреберістегі заңсыз шлагбаумдар жойылды. „Хабель“ ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартына сәйкес туристерден төлемақы алу көзделмеген. Басқарушының мұндай әрекеті оның өкілеттігінен тыс әрі шарт талаптарына қайшы», – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдік өкілдері көліктерден төлемақы тек Іле-Алатау ұлттық паркі аумағында заңнамаға сәйкес алынатынын еске салды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі «Хабель» ЖШС-не заңсыз төлемақыны тоқтату және шлагбаумдарды алып тастау жөнінде ресми хабарлама жіберген.