Үш жүз қазаққа шұғыл көмек керек – депутат Сайыров

Фото: Пәкістандағы қазақтар, Хамид Уллах Жорабай

Депутат Ерлан Сайыров Пәкістандағы қазақтарды елге қайтару үшін премьер-министр Олжас Бектенов пен сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге үндеу жолдады, деп жазады ZontNews.kz.

Оның айтуынша, Пәкістаннан Хамид Уллах Жорабай есімді қазақ хабарласқан. Ол бірнеше жыл бұрын отбасымен бірге Ауғанстаннан босып келіп, Пәкістанға тұрақтағанын, қазір Қазақстанға қайта алмай отырғанын жеткізген.

Хамид Уллах Жорабай елшілікке де барып, жәрдем сұраған. Елшілік қызметкерлері көмек көрсетуге уәде бергенімен, әзірге қазақтарды көшіру мүмкін болмаған.

«Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар. Алайда олардың айтуынша, қандастардың қолында «қазақ» деген ресми анықтама жоқ. Ол құжатты алу үшін қайтадан Ауғанстанға бару керек екен. Егер олар Ауғанстанға оралса, тағдыры өте қиын болатыны сөзсіз», – деді депутат.

Ерлан Сайыров премьер-министр мен сыртқы істер министріне қандастарға жедел көмек көрсету қажеттігін айтты.

«Оларды Қазақстанға көшіру мүмкін болмаса, онда бұл мәселені БҰҰ деңгейінде көтеру қажет», – деді ол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *