Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің маңында жоғалған EC-145 әскери тікұшағын іздеу жұмыстары екі аптаға жуық уақыт бойы жалғасып жатыр, деп жазады ZontNews.kz.
Бортында үш экипаж мүшесі болған тікұшақты табу үшін жүздеген құтқарушы мен арнайы техника тартылған. Бүгінге дейін әуе көлігі де, экипаж мүшелері де табылған жоқ.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тікұшақты іздеу барысында ғылыми әдістермен қатар құрбандық шалу секілді халықтық ырым-жоралғылар да қолданылған. Әуе қорғаныс күштерінің қолбасшысы Асқар Ызбасовтың айтуынша, бұл тәсілдер туыстарының көңілін тыныштандыру мақсатында іске асқан.
«Туыстарының алаңын басу үшін кейбір халықтық дәстүрлерге жүгіндік. Солардың бірі — көлдің ортасына қазан орнату болды. Халық сенімі бойынша, қазан су бетінде қозғалып, тікұшақтың орнын көрсетуі тиіс еді. Алайда сүңгуірлер мен эхолот құрылғысы ешқандай нысан анықтай алмады», — деді генерал Ызбасов Adal Talk жобасына берген сұхбатында.
Қорғаныс министрлігі бұл тәсілдердің ғылыми негізі жоқ екенін, тек туыстарының уайымын азайту үшін қолданылғанын атап өтті.
Сонымен қатар іздеу жұмыстары барысында ғылыми әдістерге де жүгінілген. Әскерилер көл түбіндегі ағыс бағытын зерттеу үшін суға жеңіл көлік кабинасын түсіріп, оның қозғалысын бақылаған. Осы арқылы су ағысы тікұшақты құлаған жерінен алыстатып жіберуі мүмкін деген болжам расталды.
Айта кетейік, жоғалған тікұшақты іздеуге арналған деректі фильм YouTube платформасына жүктеліп, кейін беймәлім себептермен өшірілген.