«Асыл Арман» жарықсыз қалды: тұрғындар биліктен көмек сұрайды

6 тамызда Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде электр қуаты мүлде ажыратылды, деп жазады ZontNews.kz.

Жарықсыз қалғандар – 20 мыңнан астам адам. Олардың қатарында 5 088 пәтер орналасқан 72 тоғыз қабатты тұрғын үйдің тұрғындары, ондаған шағын бизнес нысандары және сумен, жылумен қамтамасыз ететін инфрақұрылым объектілері бар.

Электр қуатының тоқтауына электрмен жабдықтаушы екі компания – «Beyazhtrans» ЖШС мен «АлматыЭнергосбыт» АҚ арасындағы шаруашылық сипаттағы дау себеп болған. Ресми мәлімет бойынша, «Beyazhtrans» компаниясының «АлматыЭнергосбыт» алдында 500 миллион теңгеден астам берешегі бар.

Тұрғындардың айтуынша, берешекті өндіріп алудың заңды жолдары болғанымен, компания бұл жолы да тұтас кешенді жарықтан ажыратуды таңдаған. Жергілікті халық мұндай әрекетті «қысым көрсету» ретінде бағалап отыр.

«Біз, 20 мыңнан астам тұрғын, бұл жағдайға биліктің араласуын талап етеміз. Екі компания арасындағы дауға қарапайым халық неге жауапты болуы керек?» – деп мәлімдеді тұрғындар.

Жағдайды ушықтыра түсетіні – Алматы облысы әкімдігінің дерегінше, кешендегі электр желілері сот шешімімен коммуналдық меншікке берілген. Алайда «Алатау Жарық Компаниясы» мен «Beyazhtrans» арасындағы келісім әлі бұзылмаған, тұрғындармен тікелей келісім жасалмаған.

Тұрғындар жарықты дереу қалпына келтіруді, делдалдарсыз тікелей шарттарға көшуді талап етіп отыр.

Қазір жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр. Халық мемлекеттік органдар мен прокуратурадан нақты әрі жедел шешім күтуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *