Үндістанның Уттаракханд штатындағы Уттаркаши округінде жауған нөсер жаңбыр Дхарали ауылында селге ұласты. Апат салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, ондаған адам із-түзсіз жоғалған, деп жазады ZontNews.kz.

Хир Ганга өзенінің жоғарғы бөлігінде жауған жаңбыр су деңгейін күрт көтеріп, кенеттен тасқын туындаған. Уттаркаши округінің магистратурасы Прашант Арьяның айтуынша, бұл тасқын Дхарали ауылына тікелей соққы берген.

Оқиға сәті жергілікті тұрғындар түсірген видеода бейнеленген. Кадрларда көшелермен лай мен ағын судың екпіндеп ағып жатқанын, үйлердің қирап жатқанын көруге болады. Кейбір тұрғындар туыстарының тағдырына алаңдап, көмек сұрап жатқан.

«Қайғылы жағдай орын алған жерге құтқару қызметі дереу жіберілді. Әскери бөлімшелер де жұмылдырылып, апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр», – деп хабарлады Үндістан армиясы.

Дхарали – Ганготриге бара жатқан туристер жиі аялдайтын ауыл. Мұнда бірнеше қонақ үй, мейрамхана және отбасылық пансионаттар орналасқан. Ауылдағы кейбір нысандардың толығымен қирағаны хабарланды.

Уттаракханд штатының бас министрі Пушкар Сингх Дхами жағдайды жеке бақылауына алғанын және жоғары лауазымды тұлғалармен тікелей байланыста екенін айтты.

«Ішкі істер министрі Амит Шах селден кейін Уттаракханд бас министрімен сөйлесті. Жағдай толық бақылауда», – деп мәлімдеді жергілікті билік өкілдері.

Қазіргі кезде құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Келтірілген шығын көлемі есептелу үстінде. Ресми ақпарат жаңартылып отырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *