АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық аэронавтика және ғарыш әкімшілігіне (NASA) Ай бетінде атомдық реактор орнатуды тапсырды. Бұл жоба ұзақмерзімді зерттеу экспедицияларын жүзеге асыруға және болашақ Марсқа ұшуға дайындық жүргізуге бағытталған, деп жазады ZontNews.kz.
Бұл туралы The Telegraph басылымы NASA-ның жаңа басшысы Шон Даффиге берілген құжатқа сілтеме жасап хабарлады. Алдағы уақытта Даффи бұл жоспарды ресми түрде жариялауы тиіс.
NASA директивасында айтылғандай, ядролық қондырғы салу – Айды өз мүддесіне бейімдеуге тырысатын басқа ғарыш державаларына қарсы стратегиялық қадам. АҚШ бұл бастаманы бірінші болып жүзеге асыру арқылы Жерден тыс аймақтағы өз ықпалын күшейтуді көздеп отыр.
«Егер қандай да бір мемлекет мұндай жобаны бірінші болып іске асырса, ол Айдағы белгілі бір аумақты жабық аймақ деп жариялап, өзге елдердің жобаларына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл әсіресе АҚШ-тың “Артемида” бағдарламасын жүзеге асыруына қауіп төндіреді», – деп жазылған құжатта.
Бұған дейін Қытай мен Ресей Айда атомдық реактор салу жөнінде бірлескен жоба дайындап жатқанын хабарлаған. Жоспар бойынша, бұл реактор 2030 жылдардың ортасында іске қосылуы мүмкін.
АҚШ бұл бәсекеде басымдыққа ие болу арқылы болашақтағы Ай экономикасын қолдауға және ғарыш кеңістігіндегі америкалық қатысуды қауіпсіз етуге ниетті.
NASA мамандарының айтуынша, Ай бетінде энергия көзі ретінде атомдық реакторды пайдалану – тиімді шешім. Себебі күн панельдері Айда жеткіліксіз: түн шамамен екі аптаға созылады.
«Егер біз Айда тіршілік етуге бейім инфрақұрылым құрмақ болсақ, оны тұрақты энергиямен қамтамасыз етуіміз қажет», – деп түсіндірді NASA өкілдері.
Қазіргі таңда АҚШ «Артемида» бағдарламасын қарқынды жүргізіп жатыр. NASA 2025 жылдың соңына дейін Айға астронавттарды қайта қондыруды жоспарлап отыр. Бұл мерзім президент Трамптың қазіргі өкілеттігінің соңына сәйкес келеді.
Бұл жоба жүзеге асса, Айда атом энергетикасын қолдану бойынша жарыста АҚШ-тың артықшылығы айқындала түседі. Сонымен қатар, бұл Қазақстан үшін де маңызды болмақ. Сарапшылардың пікірінше, болашақта Айдағы энергетикалық инфрақұрылым үшін қазақстандық уран сұранысқа ие болуы мүмкін.