Booking.com платформасына қарсы Еуропада 10 мыңнан астам қонақүй сотқа жүгінді

Еуропаның түрлі елдерінен 10 мыңнан астам қонақүй Booking.com компаниясына қарсы ұжымдық талап арыз берді, деп жазады ZontNews.kz.

Қонақүй иелерінің айтуынша, платформа соңғы жиырма жылда әділетсіз талаптар қойып, олардың баға саясатын шектеген.

Негізгі шағым — «баға паритеті» деп аталатын талапқа қатысты. Бұл ереже қонақүйлерге өз сайттарында немесе басқа брондау жүйелерінде Booking.com ұсынған бағадан төмен тариф көрсетуге тыйым салған. Кәсіпкерлер мұны әділ бәсекелестікті тежейтін және табысты азайтатын тәжірибе деп санайды.

2024 жылы Еуропалық сот бұл тәжірибені негізсіз әрі зиянды деп таныды. Осы шешімнен кейін Booking.com аталған талаптан ресми түрде бас тартты. Алайда қонақүйлер бұрынғы шығындарын өтеуді талап етіп отыр. Олар 2004 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықтағы төленген комиссиялардың шамамен 30 пайызын қайтаруды сұрайды.

Іс Нидерландыда қаралады. Booking.com компаниясының бас кеңсесі осы елде орналасқан. Сот ісіне қатысуға ниетті тараптар үшін өтініш беру мерзімі 29 тамызға дейін ұзартылды.

Сала өкілдері бұл процесті әділдікке қол жеткізу жолындағы маңызды қадам деп бағалап, цифрлық нарықтағы ойын ережелерін қайта қарау қажет екенін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *