Маңғыстау техникалық колледжінің қаржы қызметіне жүргізілген тексеру нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды, деп жазады ZontNews.kz.
«Тексеру қорытындысы бойынша колледждің бас бухгалтері стипендия, іссапар шығындары мен салық төлемдеріне арналған қаржыны өзінің жеке шотына заңсыз аударып, 243 миллион теңгені иемденгені белгілі болды», – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеуді арнайы прокурорлар жүргізді.
Маңғыстау аудандық соты бас бухгалтерді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ оған 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.