Шымкентте екі жасөспірім қыз жыныстық құлдықта ұсталған

Шымкентте 14 және 15 жастағы екі жасөспірім қыз жыныстық қанау құрбаны болды. Оларды «баспана тауып береміз» деген жалған уәде арқылы алдап әкеткен, деп жазады ZontNews.kz.

Otyrar.kz хабарлағандай, қазір қыздар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында орналастырылған. Орталық өкілдерінің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде адам саудасының 15 құрбанына көмек көрсетілген.

«Қыздарды алдымен Жастарды бейімдеу орталығына жеткізген. Тергеу барысында олардың жыныстық қанауға ұшырағаны анықталды. Ата-аналарының келісімімен бізге жіберілді. Мұнда оларға медициналық жәрдем, психологиялық қолдау және құқықтық кеңес берілді. Қыздар 2009 және 2010 жылдары туған», – деді №3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ғалия Муталиева.

Ол қыздарды «Б» деген азамат уақытша баспана беретінін айтып алдағанын атап өтті.

«Кәмелетке толмағандар осындай жағдайларда жиі алданып қалады. Алғашында олар не болып жатқанын түсінбейді», – деді Ғалия Муталиева.

Орталық өкілі жәбірленушілердің тек төмен әлеуметтік статустағы адамдар ғана емес, сонымен қатар жоғары білімді және жұмыс істейтін адамдар да болатынын атап өтті. Көптеген жағдайларда олар жақсы өмір үмітімен жалған уәделерге сеніп қалады.

Еске салайық, 2024 жылдың жазында Қызылордада 16 жастағы қыз оқушы бірнеше ай бойы сыныптастары тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталған еді. Бұл оқиға қоғамда күрт реакция тудырған болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *