KEGOC экс-басшысы: «Қытаймен екі АЭС салу – сәтсіз байқаудың орнын жабу амалы»

Қазақстанда екінші және үшінші атом электр станциясын Қытай салады деген үкімет мәлімдемесіне энергетик әрі KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы Асет Наурызбаев күмәнмен қарады, деп жазады ZontNews.kz.

Оның айтуынша, бұл – іске аспайтын, негізсіз жоспар.

«Атом электр станциясын салу қымбат әрі ұзаққа созылады. Электр тапшылығы туралы айтқанда, бұл қисынсыз естіледі. Бұл – қарны аш адамның “қай тағам ең ұзақ дайындалады?” деп сұрап, соны тапсырыс беруімен тең. Министрлер мен вице-министрлердің АЭС қажеттігі туралы уәжі дәл осыған ұқсайды», – деді Наурызбаев.

Маманның пікірінше, атом энергетикасы қымбат әрі қауіпті.

«АЭС өндірген электр қуатының бағасы жаңартылатын энергия көздерінен алты есе жоғары», – деді ол.

Қытайды екі жаңа АЭС құрылысына тартуға қатысты ол былай деді:

«Бұл – Қытайға арналған сөз жүзіндегі саяси мәлімдеме. Бұған дейін жарияланған байқау шын мәнінде тек формалды болды. Баршаға АЭС жобасын Ресей ұсынып, ресейлік компания жүзеге асыратыны белгілі еді. Қытай тарапынан нақты әрі арзанырақ ұсыныс түскенімен, ол қабылданбады. Енді сол реніштің орнын толтыру үшін “Қытай тағы екі АЭС салады” дегендей мәлімдеме жасалып отыр», – деді Наурызбаев.

Ол жобаларды ел тұтынушысы үшін тиімсіз деп есептейді.

«Егер үкімет азаматтардың мүддесін емес, өз пайдасын ойламағанда, бұл жобалар мүлде қолға алынбас еді», – деді ол.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда үш АЭС салу қажеттігін мәлімдеген. Бұл бастама қоғамда қызу талқыланды: бір тарап энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды десе, екінші тарап жобаның қауіпсіздігі мен шығынына алаңдаушылық білдірген.

АЭС құрылысына қатысты шешім 2024 жылғы референдумда қабылданды. Ресми дерекке сәйкес, қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы алғашқы атом станциясын салуға қолдау білдірген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *