2 тамыз күні таңғы сағат 02:00-ден 06:00-ге дейін жоспарланған техникалық жұмыстарға байланысты Қазақстанда бірқатар цифрлық мемлекеттік қызметтер уақытша қолжетімсіз болады, деп жазады ZontNews.kz.
Аталған уақыт аралығында келесі сервистердің жұмысы шектеледі:
- eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы, соның ішінде «Цифрлық құжаттар» сервисі;
- e-Otinish, E-license порталдары және «Ашық үкімет» ресурстары;
- Ұлттық куәландырушы орталықтың (ҰКО) қызметтері;
- «ҰАТ» АҚ сүйемелдейтін өзге де жобалар;
- банктердің мобильді қосымшалары және электрондық үкімет шлюзіне қосылған жүйелер арқылы көрсетілетін цифрлық мемлекеттік қызметтер.
Компания техникалық жұмыстарды пайдаланушылар белсенділігі ең төмен уақытқа жоспарлаған. Бұл шешім азаматтарға қолайсыздықты барынша азайту мақсатында қабылданған.
Қызметтерге уақытша қол жеткізе алмау мүмкіндігін ескере отырып, пайдаланушыларға қажетті операцияларды алдын ала аяқтап, қағаз түріндегі құжаттарды дайындауға кеңес беріледі.