Қазақстан Ұлттық банкі 30 шілде күні ішкі валюта нарығындағы теңге бағамының күрт әлсіреуіне байланысты 125,6 миллион АҚШ доллары көлемінде интервенция жасағанын хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.
Реттеуші органның мәліметінше, бұл шешім валюта нарығындағы өтімділіктің төмендеуі мен алыпсатарлық қысымның күшеюі аясында қабылданған.
«30 шілдеде валюта нарығындағы өтімділіктің күрт азаюы мен алыпсатарлық белсенділіктің артуына байланысты Ұлттық банк 125,6 миллион доллар көлемінде интервенция жүргізді. Бұл қадам нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қажетті өтімділікті ұсынуға мүмкіндік берді», — деп хабарлады Ұлттық банк.
Ұлттық банк шілде айында теңге бағамы 4 пайызға әлсіреп, бір доллар 540,72 теңгеге жеткенін нақтылады. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі 235 миллионнан 260 миллион долларға дейін өскен. Жалпы шілде айындағы сауда көлемі — 5,7 миллиард доллар.
Республикалық бюджет пен «Талдықорған – Үшарал» газ құбырының құрылысына қажет трансферттер үшін Ұлттық қордан 700 миллион доллар сатылған. Бұл жалпы биржадағы сауданың шамамен 12 пайызы. Қаражат күн сайын орта есеппен 32 миллион доллар көлемінде сатылған.
Тамыз айында бюджетке қажетті салық түсімдеріне байланысты Ұлттық қордан қосымша 400–500 миллион доллар сату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар шілде айында 290 миллиард теңге теңгені нарықтан шығару мақсатында (стерилизация) айна операциялары жүргізілген. Тамызда да осы көлемде интервенция жоспарланып отыр.
«Ұлттық банк валюта нарығындағы бейтараптық қағидатын ұстанады. Валюта сату операциялары жоспарлы түрде, біркелкі жүзеге асырылады. Бұл айырбас бағамына қысым жасамауға мүмкіндік береді», — деді банк өкілдері.