АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше елге, оның ішінде Қазақстанға қатысты импорттық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп жазады ZontNews.kz.
Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған құжаттарда жаңа тарифтер мөлшері 10 пайыздан 41 пайызға дейін деп көрсетілген. Қазақстанға қатысты баж мөлшері – 25 пайыз.
АҚШ басылымдарының мәліметінше, жарлықтарға 1 тамыз басталардан бірнеше сағат бұрын қол қойылған. Бұл — Трамп әкімшілігі белгілеген келісімдерге келу үшін белгіленген соңғы мерзімдердің бірі болған.
Шілде айының басында Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында баж салығы енгізілетіні жөнінде хабарлаған.
«Бұл тарифтер сауда кедергілерін жою үшін қажет. Сауда теңгерімсіздігі — экономикамызға әрі ұлттық қауіпсіздігімізге елеулі қатер», — деп жазылған Трамптың хатында.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі жаңа баж салығы елімізден АҚШ-қа жөнелтілетін өнімдердің шамамен 95 пайызына әсер етпейтінін мәлімдеді. Баж қолданылмайтын тауарлар қатарына мұнай, уран, күміс, ферросплавтар, тантал мен титан сынды негізгі стратегиялық және шикізаттық өнімдер кіреді.
2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 миллиард долларды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4 пайызға артық. Экспорттағы негізгі өнімдер: мұнай — 56,2 пайыз, уран — 16,4 пайыз, күміс — 12,2 пайыз, ферросплавтар — 9,5 пайыз және тантал өнімдері — 0,89 пайыз. 2025 жылдың қаңтар–мамыр аралығында тауар айналымы 1,27 миллиард доллар болды. Оның ішінде Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт көлемі 418 миллион долларды құрады.